Францияның Лион қаласында өткен Еуропа лигасының финалында Мадридтің «Атлетикосы» жеңіске жетті. Испан клубы Францияның Марсельдің «Олимпик» командасын 3:0 есебімен айқын жеңді. Ал финалда екі гол соққан Антуан Гризман «Барселона» бапкерлеріне тағы да ой салды.
Матч бастала салысымен «Марсель» шабуылға шығып, гол соғып кете жаздады. Осыған қарап Диего Симионе қарсыластың қарымды екенінен секем алып қалды. Бірақ «Олимпик» қателік жасап, Антуан Гризманды қақпашымен бетпе-бет қалдырды. Антуан мұндай тұстан ешқашан мүлт кетпеген. Ал екінші таймда «Атлетико» екінші шабуылын жасап, Гризман екінші голын соқты. Ойын өткен жерден 70 шақырым жерде туып-өскен Антуан туған жердің топырағына келіп, атой салды. Финалдық ойында екі гол соққан 9-футболшы болып тіркелді. Әзірге Еуропа лигасының финалында 3 гол соққан футболшы жоқ.
Ойынның 89-минутында Габи қарымта шабуыл кезінде есепті 3:0-ге жеткізді де, матчтың нүктесін қойды. «Атлетико» соңғы 9 жылда 3 мәрте Еуропа лигасын жеңді. Габиден бөлек, Диего Годин, Коке мен Хуанфран барлығы Еуропа лигасын «Атлетикомен» екінші мәрте жеңді. Ал жалпы алғанда, Еуропа лигасының соңғы 9 финалының 6-ын испан клубтары ұтыпты. Үш рет «Атлетико», үш рет «Севилья». Сондықтан да қазір еуропалық баспасөз бұл турнирді испан клубтарының жекеменшік жарысы деп те жазып жүр. Бәлкім, келер жылы бұл үрдіс үзілетін де шығар, себебі Лондон қаласының екі бірдей алпауыт клубтары – «Арсенал» мен «Челси» Еуропа лигасында өнер көрсететін болды.
Сонымен «Атлетико» үшінші рет кубок иегері атанып, бұл жағынан «Ливерпуль», «Интер» және «Ювентус» клубтарының көрсеткішімен теңесті. Осы жарыста ең көп жеңген әзірге «Севилья» ғана (5).
Сонымен қатар жанкүйерлер үшін жарыс жеңімпазына берілетін сыйақы да қызық болар. «Атлетико» «Астана» секілді топтық кезеңде өнер көрсеткені үшін 16,3 миллион еуро алды. Одан кейін ширек финалға шыққаны үшін 1 миллион, жартылай финал үшін 1,6 миллион, ал финалда жеңіске жеткені үшін 6,5 миллион еуроға қарық болды. Жалпы, сомада испан клубы 26,6 миллион еуро табысқа кенелді. Одан бөлек УЕФА клубтарға телевизиялық рейтинг бойынша да үстеме қаржы береді. Бұл сома сол елдің клубтарына теңдей бөлінеді.
2017/2018 жылғы маусымның соңғы нүктесі 26 мамыр күні Киевте қойылады. Чемпиондар лигасының финалында «Реал» Мадрид пен «Ливерпуль» кездеседі. Бір маусымда екі еурокубок та Испания астанасына жол тартуы ғажап емес. Британиялық клуб бұл жағдайды болдыртпаймыз деп білек сыбанып отыр. Дегенмен букмекерлік кеңселер қазіргі таңда фаворит деп Зинедин Зидан командасына бәс тігіп отыр. Әрине екі жыл қатарынан кубокты иемденген испаниялықтар тәжірибесі толысқан, неше түрлі финалды көрген тісқаққан ұжым. Алайда «Ливерпульдің» де тарихы жұтаң емес.
Ермұхамед Мәулен, «Егемен Қазақстан»